«8 наурыз: Орталық Азия әйелдерінің энергиясы» атты онлайн-конференция

2026 жылғы 4 наурызда әйелдердің технология, экономика, мәдениет және қоғам дамуына қосқан үлесіне арналған «8 наурыз: Орталық Азия әйелдерінің энергиясы» атты халықаралық онлайн-конференция өтті. Іс-шара Орталық Азия елдерінің сарапшыларын, кәсіпкерлерін, қоғам қайраткерлерін және пікір көшбасшыларын біріктіріп, цифрлық трансформация дәуіріндегі әйел көшбасшылығы мен жаңа мүмкіндіктер туралы мазмұнды диалог алаңына айналды.

Конференцияны TechnoWomen үкіметтік емес ұйымы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Astana Hub автономды кластерлік қоры, сондай-ақ Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ұйымдастырды.

Іс-шара Zoom платформасында онлайн форматта өтіп, цифрлық дағдыларды дамытуға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және Орталық Азиядағы әйелдер үшін жаңа мүмкіндіктерді кеңейтуге қызығушылық танытқан қатысушыларды біріктірді.

Әйелдер көшбасшылығы және жаңа мүмкіндіктер

Конференцияны TechnoWomen ҮЕҰ Басқарма төрайымы және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Азиза Шужееваашты. Ол өз сөзінде әйелдерді технология және кәсіпкерлік салаларында қолдау үшін мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ құттықтау сөздерімен Бикеш Курманғалиева, Умида Зиямова және Айпери Қасымбекова сөз сөйлеп, Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту мен әйел көшбасшылығын дамыту тұрақты дамудың маңызды факторы екенін айтты.

Конференцияның модераторы TechnoWomen басқарма мүшесі және She Innovator Eurasia медиа-платформасының директоры Әлия Оразымбетова болды.

Орталық Азия: мәдениет, білім және даму

Конференция барысында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан сарапшылары қазіргі қоғамдағы әйелдердің рөлі туралы баяндама жасады.

Қазақстандық суретші Айгерім Карибаева Орталық Азияның мәдени коды заманауи өнерде қалай көрініс табатыны және аймақтың жаңа визуалды тілін қалай қалыптастыратыны туралы айтты.

Стратегиялық коммуникациялар жөніндегі сарапшы Малика Боотаева әйел көшбасшылығын дамыту және әйелдерді бизнес пен қоғамдық қызметте қолдайтын кәсіби экожүйелерді қалыптастыру тәжірибесімен бөлісті.

Qizlar Akademiyasi мемлекеттік бастамасының жетекшісі Маржона Джуракулова Орталық Азиядағы қыздардың көшбасшылық және білім беру мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған жобаларды таныстырды.

Alatau City Bank басқарушы директоры Гүлнара Балахметова әйелдердің қаржылық тәуелсіздігінің маңыздылығын атап өтіп, әйелдердің экономикалық белсенділігі қоғамның тұрақтылығы мен әл-ауқатына тікелей әсер ететінін айтты.

Әлеуметтік және құқықтық мәселелер

Конференция барысында маңызды әлеуметтік және құқықтық тақырыптар да талқыланды.

Заңгер Айжан Садыкова цифрландырудың балалар құқықтарын қорғау жүйесіне әсері туралы баяндама жасап, цифрлық ортада туындайтын негізгі сын-қатерлерді атап өтті.

Медицина ғылымдарының докторы Сабира Күлшімбаева әйелдер денсаулығына тамақтанудың әсері және профилактикалық тәсілдердің маңыздылығы туралы баяндама жасады.

Қырғыз Республикасының Әйелдер волейболы қауымдастығының негізін қалаушы Барчин Аманова әйелдер спортын дамыту тәжірибесімен бөлісіп, оның шабыт пен әлеуметтік өзгерістер көзі екенін атап өтті.

Жасанды интеллект және технология этикасы

Конференцияның қорытынды бөлігінде UNESCO RAM зерттеуі аясында жасанды интеллектті этикалық қолдану тақырыбында ЮНЕСКО сарапшыларының воркшопы өтті.

Спикерлер:
Максат Байбеков — Алматыдағы ЮНЕСКО аймақтық кеңсесінің әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар секторындағы бағдарламалар жетекшісі;
Қанат Базаралы — цифрландыру және жасанды интеллект технологиялары бойынша сарапшы.

Қатысушылар технологияларды жауапкершілікпен дамыту, жасанды интеллекттің қоғамға әсері және цифрлық инновациялар саласында этикалық стандарттарды қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Ынтымақтастық алаңы

«8 наурыз: Орталық Азия әйелдерінің энергиясы» халықаралық конференциясы тәжірибе алмасу, өңірлік ынтымақтастықты нығайту және әйел көшбасшылығын дамыту үшін маңызды алаңға айналды.

Іс-шара технология, бизнес, өнер, білім, медицина және қоғамдық сектор өкілдерін біріктіріп, қазіргі әлемдегі әйелдердің алдында тұрған өзекті мәселелер мен мүмкіндіктерді талқылауға мүмкіндік берді.

Конференция барысында басталған диалог әйелдердің әлеуетін дамыту, білімді қолдау және технологияларды енгізу Орталық Азияның тұрақты дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатынын тағы бір рет дәлелдеді.