2022 ж. 4-наурызда Astana Hub-та «TECHNO WOMEN 2022: ЖАҢА ӘЙЕЛДЕР БУЫНЫ» атты алғашқы қазақстандық форумы өтті

Бұл іс-шарада «TECHNO WOMEN» үкіметтік емес ұйым-қауымдастығының құрылуы жарияланды. Қауымдастық IT, телеком, биотехнология, нанотехнология және басқа да технологиялық салаларда жұмыс істейтін 200-ден астам көшбасшы әйелдердің басын қосты.

«TECHNO WOMEN» қауымдастыңына технологиялық стартап, ШОБ-те цифрлық сервистерді дамытып жүрген, EduTech, FinTech, GovTech, HealthTech Digital, New Media және жоғары технологиялармен байланысты басқа салаларда жұмыс істеп жүрген қыз-келіншектер қосылды.

Шарада сөз сөйлегендер технологиялық мамандықтарға түскісі келетін қыздарға арнайы білім гранттары мен квота бөлу туралы бастама көтерді.

TECHNO WOMEN қауымдастығы қыздар мен әйелдердің технологиялық салаларда кездесетін гендерлік кемсітушілік мәселелеріне зерттеу жүргізуді ұсынды, сонымен қатар технологиялық компаниялар үшін арнайы саясат әзірлеуді ұсынады. Сонымен қатар, TECHNO WOMEN қауымдастығы қыздарды STEM пәндеріне тартуды ынталандыру мақсатында мемлекетке мектептерде қыздармен және ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырады. Сондай-ақ Astana Hub серіктестігімен қыздар мен әйелдерді ІТ-стартап қозғалысына тарту бойынша бірлескен бағдарламаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Жаңа құрылған қауымдастықтың басты мақсаттары:

1. Жоғары технологиялар саласындағы әйелдердің кәсіби қауымдастығын құру, сондай-ақ технологиялық салалардағы әйелдердің кәсіби өсуі мен ілгерілеуіне ықпал ету.

2. Әйелдердің цифрлық стартап қозғалысын насихаттау.

3. Қыздардың STEM пәндері, бағдарламалау, робототехника, компьютерлік дизайн, электронды коммерция және басқа да байланысты пәндер бойынша білім алуына ықпал ету.

4. Әйелдер арасында цифрлық экономикадағы кәсіптер туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және жоғары технологиялардың көмегімен әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту.

5. Экономиканы цифрландырудың ең өзекті мәселелерін талқылау үшін диалог алаңын құру.

TECHNO WOMEN қауымдастығына осы жерден қосыла аласыз. Іс-шараның жазбасын  Азиза Шужееваның You Tube арнасынан көре аласыз.

Қазақстан әйелдерінің жаңа буыны озық идеяларды таңдайды!

Өз болашағыңызды бағдарламалаңыз және осы әлемді өзіңіз үшін өзгертіңіз!