Фотосурет: Astana Hub
Astana Hub IT-Aiel 2.0 білім беру бағдарламасын қорытындылап жатыр. Бұл бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен «TechnoWomen» ҮЕҰ-мен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бастама әйелдердің цифрлық дағдыларын дамытуды көздеп, олардың IT-саладағы кәсіби өсуіне мүмкіндік береді, деп хабарлайды DKnews.kz.
2024 жылдың маусымында басталған жоба үлкен қызығушылық тудырып, Қазақстанның барлық аймағынан 5200 әйел жаңа дағдыны игеруге ниеттенді. Олардың ішінде 3084 қатысушы оқуды бастап, No-code бағдарламалау, фриланс негіздері, электрондық коммерция мен басқа да сұранысқа ие дағдыларды белсенді меңгеріп жатыр. Қазіргі уақытта 62 қатысушы оқуды сәтті тәмамдап, мансабын немесе кәсіпкерлік қызметін бастауға қажетті білім алды.
Бағдарлама 18 жастан асқан әйелдерді, оның ішінде жұмыссыздарды, декреттік демалыстағы әйелдерді, студенттер мен жас кәсіпкерлерді қамтыды. Қатысушылардың басым бөлігі Астана, Алматы қалалары мен Алматы және Батыс Қазақстан облыстарынан тіркелді.
Екінші лектің бірқатар табысты бастамалары бар. Атап айтқанда:
- Қызылордалық Сағиля Сағидан EdKids атты білім беру платформасын әзірледі. Бұл ресурс балаларға сапалы білім ұсынып, ерте жастан бастап өз дағдыларын дамытуға септігін тигізеді. Платформа интерактивті оқытуға бағытталған әрі кең аудиторияға қолжетімді.
- Ақтөбелік Әсел Қаражан менталдық арифметикаға баулитын AKM Education мектебінің сайтын құрастырды. Бұл мектеп балалар мен жасөспірімдердің аналитикалық ойлауын дамытуға, жады мен зейінін жақсартуға көмектесіп, заманауи оқыту тәсілдерін ұсынады.
- Астаналық Меруерт Жарылқасынова Қазақстандағы бизнес пен стартаптарға арналған гранттар туралы ақпарат беретін «Qadam» мобильді қосымшасын іске қосты. Бұл өнім кәсіпкерлер мен стартап иелеріне қолжетімді гранттар мен қолдау бағдарламалары туралы мәліметтерді оңай іздеп, өтінім беруге мүмкіндік береді.
- Алматылық Айдана Сембаева Telegram-да клиенттермен және қызметкерлермен өзара әрекеттесуді автоматтандыруға арналған чат-бот әзірледі. Чат-бот жиі қойылатын сұрақтарға жауап беру, сұрауларды өңдеу және ішкі коммуникациялар сияқты тапсырмаларды шешіп, бизнес-процестердің тиімділігін арттырады.
Айта кетейік, 2023 жылы IT-Aiel бағдарламасының бірінші легі аясында Қазақстанның 17 өңірінен 2000-нан астам әйел оқудан өтті. 50 қатысушы веб-сайттар мен қосымшалар сияқты өздерінің IT-өнімдерін жасап, мансаптық әлеуетін едәуір жақсартты.
IT-Aiel жобасы цифрлық білім әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуде қуатты құрал екенін айшықтап, оларға дағдыларын дамытып, Қазақстанның IT индустриясына маңызды үлес қосуына жол ашады.